Көрмені тамашалап болғаннан кейін, көпшілік Әнуар Боранбаевты еске алу кешіне жиналды. Оған актердің туған-туысы, ауылдастары, жары Ақбөпе келді. Естеліктер айтылды. Олар Әнуардың талантымен қоса, қарапайымдылығын, адамгершілігін көбірек еске алды. Сыныптасы Хайролла Хасенов, туысы Тарғын Әбеновтің, інісі Қанат Боранбаевтың, жары Ақбөпе Боранбаеваның, тағы басқалардың әсерлі естеліктерін көпшілік ынтамен тыңдады.
– Балалық шағымыз бірге өтті. Ол кезде мектепті бітіргендердің бар арманы оқуға түсу үшін Алматыға бару болатын. Әке-шешеміз үшін оқудың ең күштісі агрономдық, экономистік, зоотехник, мал дәрігері секілді мамандық алатын оқулар еді. Көпшілігіміз агроном, механик, зоотехник боламыз деп Алматыдағы институттарға түстік. Әнуар да үлкендердің қалауымен Ауыл шаруашылығы институтының Агрономия факультетіне түскен болатын. Бірақ оны алғашқы курстардан тастап кетті де, жүрек қалауымен өнер жолын қуды. Ол ауылда жүргенде әдебиеттен мықты болатын, – дейді сыныптасы Хайролла ағай.
– Әнуар ауылын, туған жерін өте жақсы көретін. Ауылға барып, Әнуардың ізі қалған топырақты басып келе жатырмыз. Әнуардың барлық рольдері көз алдымда. Абайды, Сырымды, тағы басқа көптеген рольдерді қалай ойнағаны көрерменнің есінде. Кинодағы еңбектері өз алдына бір төбе. Ол тегін емес, текті адам еді. Өмірде, үйде де өте жақсы адам еді. Маған деген ықыласын қалай ұмытуға болады? Әрине Әнуармен бірге өткен уақытымды нағыз бақытты кездерім деп білемін. Әнуардай жігітке жар болу бар әйелдің арманы екені рас. Әттең, қайтейін, тағдыр көп көрді, көпке ұзатпай алып кетті. Осы кешті ұйымдастырған аудандық, облыстық кітапхана ұжымдарына, аудан басшылығына үлкен рахметімді айтамын, – деді Ақбөпе Боранбаева.
Кеште Әнуар Боранбаев туралы деректі фильм көрсетілді.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай